Заңды тұлғалар бірлестігі Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы
Объединение юридических лиц «Ассоциация НПО Актюбинской области»

АЗАМАТТЫҚ ЖОБА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Ақтөбе өңірлік коммуникация қызметінде Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының

«Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасының қорытындысына арналған баспасөз мәжілісі өтті. Бұл шараға аталған жобаны ұйымдастырған

үкіметтік емес ұйымдарық қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, жоба үйлестірушісі Ерәділ Уббиниязов және менеджері Салтанат Кенжебекова қатысты.

А.Дүйсенованың айтуынша, бұл жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты шеңберінде іске асырылып отыр.

— Мұндай жобалар еліміздің барлық аймағында маусым айынан бастап жүзеге асырылып келеді. Ол 2019-2021 жылдарға арналған, биыл бірінші жылды қорытындылап отырмыз. Жобаның негізгі мақсаты — өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың сапалық әлеуетін, олардың кәсіби деңгейін арттыру, жұмыс барысында әдістемелік, консалтингтік қолдау көрсету, кеңес беру. Ел президенті биылғы халыққа жолдауында қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыру үшін билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату қажеттігін, ол үшін азаматтық қоғамға қолдау көрсете отырып, оның әлеуетін нығайтып, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану керектігін, белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігін қадап айтқан-ды. Сайып келгенде бұл жоба — осы стратегиялық құжатта айтылған мақсат-міндеттерді орындауға бағытталған деуге болады, — деді А.Дүйсенова.

Жоба жүзеге асырыла бастаған алты айдың ішінде үкіметтік емес ұйымдардың жазғы мектебі ұйымдастырылып, азаматтық орталықтың жұмысына қатысатын субъектілер үшін стратегиялық жоспарлау бойынша семинарлар, азаматтық орталықта кеңес беру мәселелері бойынша тренингтер өткізілген. Сондай- ақ үкіметтік емес ұйымдар үшін азаматтық орталықтың қоғамдық қабылдауы ашылды. Күн сайын осы орталықта тәжірибелі бірлестіктер басшылары үкіметтік емес ұйымдар мүшелерін қабылдап, кеңестер берді.

— Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың статистикалық деректерін жүйелеу мақсатында «Үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасын» жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Статистика бойынша облыстық әділет депертаментінде 700-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, алайда олардың барлығы бірдей жұмыс істеп жатқан жоқ, сондықтан, деректер базасын жасадық. Бүгінгі таңда бұл дерекқорға 163 қоғамдық ұйым туралы ақпарат енгізілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Сондай-ақ, жоба ұйымдастырушылары орталықта кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Ол бес бағыт бойынша жүзеге асырылды: үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу, деректер базасына қоғам туралы мәлімет енгізу, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті жүргізу, қоғамдық мәселелер бойынша кеңестер берілді, — деді С.Кенжебекова.

Жоба аясында жазғы мектептер де ұйымдастырылған. Жазғы мектепте білікті кәсіби тренерлерден 70-тен астам адам білім алған. Тренингтер барысында жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік кәсіпкерлік, фандрайзинг, жобаны жүзге асыру үшін қаржы тарту, мониторинг және бағалау жүргізу сынды мәселелерге маңыз берілді. Жазғы мектепте оқыған үкіметтік емес ұйымдар басшылары мұндай жобаның өте қажеттігін, мектепте алған білімнің өздерінің жұмысында қаншалықты пайдаға асып жатқандарын әңгімеледі. С.Кенжебекованың айтуынша, тренингтерде дәріс алған ҮЕҰ басшылары ауылдық аймақтарда өз бетінше осындай оқулар ұйымдастырып, әлеуметтік маңызды жобаларды бағалау мен мониторинг жүргізе алады.

«Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасы аясында азаматтық орталықта апта сайын қабылдаулар жүргізілген. Е.Уббиниязовтың айтуынша, қабылдауға келушілердің дені дұрыс діни бағыт пен жат ағымдардың айырмасын білу, патриоттық тәрбие беру шараларын ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттік қолдау алу, көпқабатты үйлерді тұрғындардың өз басқаруына алуы үшін құжаттар жинау, аула клубтарын, спорт залдарын ашу үшін қаражат табу сынды түрлі мәселелер бойынша кеңестер сұраған. «Қабылдаулар нәтижесінде бірқатар нақты шешімдер қабылданды, мысалы, екі кондоминиум құрылып, бірнеше спорттық клуб ашылды», — дейді Е.Уббиниязов.

Осы салада жиырма жылдан астам еңбек етіп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибелі басшылары да пікірлерін білдірді. «Мұғалім» репетиторлық мектебінің директоры Юлия Савченко, «Қызыл ай» қоғамының басшысы Нұрлан Үдербаевтар мұндай азаматтық жобаның үкіметтік емес ұйымдар үшін аса қажет екенін, сондай-ақ, облыста үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып отырған қауымдастық үшін арнайы ғимарат

қажеттігін алға тартты.

«Қазір үкіметтік емес ұйым ашуға ниетті азаматтардың саны көп, себебі азаматтық салаға мемлекеттің қолдауы артып келеді. Біздің қолдауымызбен бүгінде бес үкіметтік емес ұйымды тіркеу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Азаматтық сектордың белсенді болуы — қоғам үшін тиімді, себебі белсенді азаматтық қоғам, Президенттің сөзімен айтсақ, геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға жол ашады», — дейді А.Дүйсенова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

You may use these HTML tags and attributes:

<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>