Заңды тұлғалар бірлестігі Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы
Объединение юридических лиц «Ассоциация НПО Актюбинской области»

ДИАЛОГ, ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

«Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес

 Ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын.

Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың

2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп,

қабылдауымыз керек».

Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауынан.

Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында аталған қауымдастық облыстың  қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар беделді ұйымға айналды.  

Бейсенбі күні аталған қауымдастықтың құрылғанына 10 жыл толуына арналған «Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» атты шара өтті.  Бұл шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстағы белсенді үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, еріктілері, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары қатысты.

Оңдасын Оразалин үкіметтік емес ұйымдардың ролі, олардың қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда билікпен ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқандығын тілге тиек етті.
— Қоғамдық сананы қалыптастыруда азаматтық сектордың орны ерекше екендігі белгілі. Елімізде азаматтық қоғам институттарын қолдау, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың қоян-қолтық жұмыс жасауы бір жүйеге қойылған. Мемлекет Басшысының Жолдауында белсенді азаматтық қоғам құру, ол үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігі туралы тапсырма берілді. Жолдауда айтылған мақсат-міндеттер азаматтық қоғамның нығаюына ықпал етеді. Азаматтық сектор өкілдері бүгінде атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы, қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелердің түйінін шешуге ықпал етіп отыр. Мемлекеттік органдар азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасты одан әрі әрі нығайтып, қаржылай және ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсетуге дайын, — деді облыс әкімі.

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2009 жылы облыстағы қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру және жүйелеу мақсатында құрылған болатын. 2010 жылы қауымдастық республикалық Азаматтық Альянсы құрамына енді. Әділет департаментің 2019 жылдың 24-қыркүйегіндегі мәліметтерге  сүйенсек, бүгінде облыста 764 коммерциялық емес ұйым тіркелген, оның ішінде 404 қоғамдық бірлестіктер болса, 205-і — қоғамдық қорлар, 30 заңды тұлғалар бірлестіктері мен 125-і —  жеке және медициналық мекемелер. Бұл ұйымдардың бүгінде жүзден астамы ғана белсенді жұмыс істеп жатыр.

—  Осы жылдар аралығында біздің бірлестік қыруар жұмыстар атқарды: 3 мыңнан астам шаралар ұйымдастырылып, 76 жаңа үкіметтік емес ұйымның құрылуына ұйтқы болдық, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдарға, азаматтық белсенділер мен облыс тұрғындарына  4 мыңнан астам кеңес беру шаралары өткізілді. Қазақстанның мемлекеттік саясатын белсенді жүзеге асыру, министрліктер мен ведомстволардағы жұмыс топтары құрамында заң шығару процестеріне қатысу бағытында да біздің қоғам тарапынан айтарлықтай жұмыстар істелді. Қауымдастық өкілдері 20 кеңес беру органдарының, облыс, қала әкімдіктері жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамында, Президент Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында тұрғындармен жиі кездесулерге қатысып, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына лайықты үлес қосып отыр, — дейді аталған қауымдастық президенті Айгүл Дүйсенова.

Үкіметтік емес секторды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде жергілікті әкімдік тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, сыйақылар түрінде, сондай-ақ, арнайы әлеуметтік қызметтердің баламалы түрлерін беру арқылы айтарлықтай қаражат бөлініп отыр. Тек биылдың өзінде әлеуметтік тапсырыс аясында біздің облыста 101 жобаны жүзеге асыру үшін 592 миллион теңге қаражат бөлінген.

— Үкіметтік емес ұйымдарға қатысты талай сынның да айтылатынын ескеру керек. Кейбір жекелеген салаларда, бәлкім, біз атқара алмай жатқан, біз шше алмай жатқан мәселелер бар шығар, ол үшін жауапкершіліктен де, сыннан да қашпаймыз. Алайда, үкіметтік емес ұйымдарға артылған жүкті де бағамдау керек. Азаматтық сектор — қоғамдағы барлық аузы ашық жараның бетінде тұрған ұйымдар, біз қоғамдағы наразылықтарды бірінші болып қабылдаймыз, қандай жағдайда да алғашқы ауыр соққы алдымен бізге тиеді. Азаматтық қоғам өкілдері билік пен халық арасында алтын көпір бола отырып, қоғамдағы аса маңызды әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда алдыңғы шепте тұруы тиіс! —  дейді А.Дүйсенова.

Бүгінде қауымдастық құрамында 66 белсенді ұйым бар. Қауымдастық мүшелері өз жұмысын бірнеше маңызды бағыт бойынша атқарып келеді:

Облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүддесін қорғау бағытында жасалып жатқан жұмыстар лайықты жолға қойылған, сондай-ақ, аз қамтылған, мүгедек балалары бар, діни көзқарастағы отбасылардағы дарынды балаларды анықтап, демеушілер мен мемлекеттік тапсырыс арқылы осы балалардың талантын ұштап, жан-жақты дамуына үлес қосып отыр. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ҮКҰ өкілдері мемлекеттік органдар қызметкерлерімен, теологтармен, дінтанушылармен, имамдармен бірге  тұрғындармен, соның ішінде жастармен, діни қауымдастықтармен, сотталғандармен ұдайы кездесулер өткізіп келеді. Әйелдер істерімен айналысатын ұйымдар гендерлік саясатты жүзеге асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, ана мен әке ролін арттыру, жастар мен балалар тәрбиесі мәселелерімен айналыса отырып, көп балалы аналардың, аз қамтылған отбасылар мен әйелдердің, балалардың мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ медиацияны дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды жұмыстар да бір жүйеге қойылған.  

Биыл жазда Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығында жаңа жобаның тұсауы кесілген-ді. Азаматтық орталықты ұйымдастыру мен дамыту мақсатындағы жоба аясында семинар-кеңестер, қабылдаулар жүргізіліп, қоғамдағы өткір мәселелер төңірегінде сұхбаттар ұйымдастырылды.

— Мұндай қабылдаулар үкіметтік емес ұйымдарының ғана емес, қарапайым қала тұрғындарының көкейінде жүрген түрлі мәселелерге қатысты кеңес алуына, кәсіби жауап естуіне мүмкіндік береді. Біздің қабылдауларға келушілер өте көп болды, жыл аяғына дейін тағы да бірнеше азаматтық қабылдаулар жүргізіледі. Сонымен қатар осы жоба аясында үкіметтік емес ұйымдар базасына деректер жинау ұйымдастырылып, қазақ және орыс тілдерінде шағын жинақтар шығару жоспарымызда бар, — дейді Айгүл Дюсенова.

Қауымдастықтың 10 жылдығына арналған шара барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірнеше жылдан бері азаматтық қоғам сапында еңбек етіп келе жатқан аға буын өкілдерін, 30-ға жуық ұйым жетекшілерін азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі және маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге атсалысқаны үшін Алғыс хаттармен, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады. Сондай-ақ шара барысында қауымдастыққа жаңадан мүшелікке еніп жатқан үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне куәліктер тапсырылды. Ал «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы»  қоғамдық қоры Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов облыс әкімі Оңдасын Оразалинге қоғамдық бірлестіктің арнайы медалін және Олжас Сүлейменовтың кітабын табыстады. 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes:

<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>