«РАСтемки» «Ақтөбе облысындағы аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің орталығы ашылды.
Тургенев көшесіндегі заң колледжі ғимаратына жапсарлас орналасқан шағын кеңседегі «РАСтемки» орталығына енді ерекше балалар мен олардың ата-аналары бас тіреп келе алатын болды.
Бұл орталық қала әкімдігі мен қалалық спорт бөлімінің қолдауымен және қайырымдылық марафон нәтижесінде жиналған қаражат есебінен ашылды. Биыл көктемте аталған бірлестік ұйымдастырған қайырымдылық марафоны нәтижесінде 2 млн теңгеден астам қаражат жиналған болатын. Ал арнайы кеңсені Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы ұсынды.
Аталған бірлестік басшысы Салтанат Кенжебекованың айтуынша, ұйым 2017 жылы ашылған, бүгінде құрамында аутизммен ауыратын 3-17 жастағы балалары бар 50-ге жуық ата-ана бар.
— Мұндай ерекше балалардың мәселелерін кейде жергілікті, облыстық, тіпті республикалық деңгейде де шеше алмай жатамыз, сол себепті осындай түйткілді жайттарды бірлесе шешу үшін, талқылау үшін, жоғары жаққа өз үнімізді жеткізу үшін бізге осындай бір орталық кеңсе қажет болды. Оған қоса кеңседе дефектолог, логопед секілді арнайы мамандар да жұмыс істейтін болады, балалар мен олардың ата-аналар психологтардың көмегіне жүгіне алады. Балаларға қажетті оттегі конденсаторын алғымыз келіп отыр. Сондай-ақ, бейнелеу өнері студиясы жұмыс ісетйтін болады. Жалпы, біздің бірлестікте 50-ге жуық ата-ана бар, ал статистика бойынша қалада 200-ге жуық аутизммен ауыратын балалар бар. Осындай ерекше балалардың өздеріне де, ата-аналарына да біздің есігіміз ашық, — дейді ол.
Орталықтың ашылуына Қарғалы ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылынан арнайы келген Бағдагүл Берекешова мұндай ұйымның өте қажет екенін алға тартты.
— Немерем Әлия Смағұлова кішкентайынан ерекше бала болып өсті. Мұндай балалар басқа балалармен араласпайды, сондықтан, өзі тағдырлас балалармен қарым-қатынас жасасын деп «РАСтемки» бірлестігі өткізетін шараларға жиі алып келемін. Енді осы жерге де келіп тұратын боламыз, — дейді ол.
Орталықтың ашылуына Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы, облыстық ҮЕҰ қауымдастығы, басқа да қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Олар «РАСтемки» орталығының ашылуымен құттықтап, бірлестікке сый-саяпаттарын ұсынды.