Заңды тұлғалар бірлестігі Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы
Объединение юридических лиц «Ассоциация НПО Актюбинской области»

БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ЖОБАЛАР ТИІМДІЛІГІ: МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ БАҒАЛАУ

Бүгін мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың қатысуымен «Мониторинг және бағалау» атты оқу семинары ұйымдастырылды.

Ақтөбе облысының ҮЕҰ Қауымдастығы облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында өткізген семинарының мақсаты — мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін арттыру, жергілікті және республикалық бюджет қаражатын тиімді жұмсау, бағдарламалар мен жобалардың пайдалылығын бағалайтын сарапшылар даярлау.

Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы президенті Айгүл Дюсенованың айтуынша, мұндай тақырыптың көтерілетін уақытты жетті.

— Себебі қазір қоғамда «коммерциялық емес ұйымдар тек ақша үшін құрылады» деген пікір бар. Бәлкім мұндай пиғылдағы ұйымдар бар шығар, бірақ үкіметтік емес ұйымдар негізінен белгілі бір мақсатты аудитория үшін жұмыс істейді. Әрбір коммерциялық емес ұйым өзінің ұстанған бағыты, көтеретін мәселелеріне сәйкес, мақсатты топтағы адамдармен жұмыс істейді және олар өз ісін мемлекеттік тапсырыс берушілерден де артық білуі мүмкін. Бұдан келіп екінші мәселе туындайды — кейде осындай ұйымдар мемлекеттік тапсырыс аясында сол мақсатта топ үшін пайдасы жоқ шаралар ұйымдастыруға мәжбүр болады. Себебі коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық сипаттамада көрсетілген талаптардан ауытқымауы керек. Мысалы, кейде ешқандай мән-мағынасы жоқ флеш-мобтар ұйымдастырылып жатады, оның орнына әлдеқайда тиімді шаралар ұйымдастырылса, дұрыс болар еді, — дейді ол.      

Бүгінде облыстық Әділет басқармасында 700-ге жуық коммерциялық емес ұйым құрылған. Оның 110-ы ғана белсенді жұмыс істеп жатыр. А.Дюсенованың айтуынша, қазір осындай белсенді жұмыс істеп жатқан коммерциялық емес ұйымдардың базасы жасақталып жатыр.

— Мемлекеттік тапсырыстық техникалық сипаттамасы жасалар кезде белгілі бір мақсатты топтың қажеттіліктері анықталуы тиіс, бұл бағытта тапсырыс беруші мемлекеттік орган әлеуетті жеткізушілердің де ұсыныстарын тыңдағаны жөн, — дейді А.Дюсенова.

Бұл жерде ең бастысы — жүзеге асырылған жобалар мен бағдарламалардың тиімділігінің жоғары болуы. Оның екінші жағы — мемлекеттің ақшасының тиімді жұмсалуы.

Бүгінгі шараға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындаушылармен бірге мемлекеттік тапсырыс берушілер де қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Нұржамал Тұржанованың айтуынша, өткен жылы ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, мониторинг жасау және бағалау жөнінде бұйрық қабылданған.

— Оның мақсаты — республика көлемінде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың нәтижелілігін анықтау. Мұндай бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін арттыруға тапсырыс беруші де, оны орындаушы да мүдделі. Сондықтан, бұл шараға тоғыз мемлекеттік органның, соның ішінде облыстық ішкі саясат, жастар, дін істері, тілдерді дамыту, мәдениет және мұрағаттар, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлемуеттік бағдарламалар басқармалары, қалалық, барлық аудандық ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері келді, — дейді Нұржамал Тұржанова.  

Семинарға қатысушылардың бірі «Қарғалы-Бастау» қоғамдық ұйымының төрағасы Айнұр Қартбаева. Қарғалы ауданындағы барлық қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын аталған ұйым 2013 жылы құрылған.

— Мемлекеттік тапсырысқа конкурс жариялау, оған қатысу, ұтып алған жағдайда шараларды тиімді ұйымдастыру, тапсырыс берушімен жұмыс істеу, есеп-қисап жасау мәселелерін үйрендік. Өте пайдалы ақпараттар айтылды, — дейді Айнұр Қартбаева.

«Қуаныш — дыбыста» кохлеарлі импланттағы азаматтар мен балаларды қолдау орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәрзия Мұхамбетьярованың айтуынша белгілі бір мақсатта құрылған коммерциялық емес ұйымдар мақсатты топтың мәселелерін мемлекеттік органдардан әлдеқайда жақсырақ біледі, әлбетте осы топпен қалай тиімді жұмыс істеу қажеттігін де жақсы біледі.

—  Мысалы, кохлеарлі импланттағы азаматтар мен балалар үшін не қажет екенін біз жақсы білеміз. Мемлекеттік органның әлеуметтік тапсырысы бойынша техниалық сипаттама аясында кейде біздің мақсатты топқа аса қажет емес шаралар болады, мұндай тиімсіз шаралар үшін ақшаны да, уақытыңды да босқа жұмсағың келмейді, одан да сәл де болса пайдалы жұмыстармен айналысқың келеді, — дейді Мәрзия Мұхамбетьярова.

Қатысушылар семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, осы шарада мемлекеттік тапсырыс беруші мен орындаушылар үшін аса қажетті ақпараттар берілгендігін, осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуы қажеттігін айтты.

Оқу семинары соңында қатысушыларға сертификаттар берілді.  

Мейрамгүл Рахатқызы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes:

<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>