Главная

АЗАМАТТЫҚ ОРТАЛЫҚ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ҚАЙТА ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Бүгін «Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «Азаматтық бастамалар орталығы» өз жұмысын қайта жалғастыра бастады. Бұған дейін еліміздегі төтенше жағдайға, өңіріміздегі карантинге байланысты аталған орталық өз жұмысын қашықтан ұйымдастырған болатын. Бүгіннен бастап кеңсе ашық.

Аталған қауымдастық президенті Айгүл Дюсенованың айтуынша, аталған арнайы азаматтық орталық үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетеді.

— Біздің орталыққа үкіметтік емес ұйым құру, оның жұмысын жүргізуге қатысты кеңестер алу, білім-бліктілікті арттыру, басқа да қызметтер бойынша жүгіне аласыздар. Сондай-ақ, мәліметтер базасын жинақтау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттар мен сыйақылар, қоғамдық кеңестер секілді үкіметтік емес ұйымдарға мол мүмкіндік беретін жобалар туралы мағлұматтар ала аласыздар. Қысқасы, үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмысын жүргізуге, әлеуетін арттыруға қажетті кәсіби кеңес, көмек қажет болса, біздің есігіміз ашық, — дейді А.Дюсенова.

Бірлестік басшысының айтуынша, қашықтан жұмыс істеу кезінде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан бірқатар онлайн семинарлар, вебинарлар өткізілді, қазіргі уақытта да өткізіліп жатыр.

— Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Қазіргі кезде мемлекеттік органдар тарапынан үкіметтік емес ұйымдар туралы мағлұмат жиналып жатқанын да айта кету керек. Сондықтан, үшінші сектор өкілдеріне бұрынғыдан да белсендірек жұмыс істеуге кеңес беремін, — дейді А.Дюсенова.

А.Дюсенова кез-келген сұрақ бойынша «Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына — инстаграмм, фейсбук парақшаларына хабарласуға болатынын айтады.

Free Joomla Lightbox Gallery

Переключение языка