Главная

КӨРСЕТІЛІП ЖАТҚАН ҚОЛДАУҒА РАЗЫМЫЗ

1986 жылы сәуір айында Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында апат болғаны, оның әлем тарихындағы алапат апат болғаны тарихтан белгілі. Осы апат салдарынан Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырады. Көрінбейтін дұшпанмен күресуге сол кездегі кеңес одағы елдерінен мыңдаған солдаттар тартылды. Бұл апат оң мыңдаған қазақстандықтың түбіне жетті.

Биыл Чернобыль апатына 34 жыл толды. Алайда, оның жаңғырығы бүгінге дейін естіледі.  Ақтөбе облыстық «Чернобыльқұрбандары» қоғамдықұйымыныңбасшысы  Бақытжан Сатовтың айтуынша, апат салдарын жоюға сол кезде екі мыңдай ақтөбелік жігіттер аттанған.

— Көпшілігі дүниеден озды. Бүгінде сол апаттың салдарын жоюға қатысқан 230 азаматымыз  ғана қалды. Оның өзінде 90 пайызы — мүгедек. Бүгінде еліміз короновирус дертімен күресіп жатыр. Көшеде адам қарасы аз, бұл қауіпті індет барлығымызды үйлерімізге қамап, оқшаулануға мажбүрледі. Көшеде арнайы қорғаныш киімін — ақ киім киген азаматтарымыз дезинфекция  жүргізіп жатыр. Маған осы көріністер сол 34 жыл бұрынғы Чернобыль апатының салдарын жою кезіндегі жайттарды көз алдыма әкелді. Ол кезде де біз қазіргі коронавирус секілді көрінбейтін жаумен — радиациямен соғыстық.  Қалалар босап қалды, көшелерде дезинфекция жасаған адамдар толып жүрді, — дейді ол.

Бақытжан Сатов бүгінде аз қалған Чернобыль ардагерлеріне облыстық деңгейде барынша қамқорлық көрсетеліп отырғандығын айтады.

— Биыл қаңтар айында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауында болып, біздің ардагерлердің жағдайы туралы, жалпы, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан жауынгерлеріміздің ерлігін жас ұрпаққа насихаттау туралы ойымды айтқан едім. Облыс әкімі бірден қолдады. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен біздің ардагерлерге ай сайын коммуналдық төлемдер үшін 10 мың теңгеден төленіп отыр. Жеңіс мерекесі қарсаңында бір реттік 100 мың теңге көлемінде көмек көсретіледі. Қазіргі мынау қиын кезде де ескерусіз қалғанымыз жоқ, ардагерлерімізге ақшалай көмек те, азық-түлік пакеттері де беріліп жатыр. Бұл — үлкен қолдау. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасымен Хромтау қаласында Чернобыль апаты құрбандарына арнап ескерткіш салынбақ. Әлемдік деңгейдегі апат салдарын жоюға қатысқан біздің батырларымыз туралы жастар, кейінгі ұрпақ білуі тиіс, — дейді ол.

Бақытжан Сатов Ақтөбедегі Чернобыль ардагерлерінің қатарындағы жас азаматтардың бүгінгі коронавирус дертімен күреске қатысуға дайын екендіктерін де жеткізді:

— Біздің азаматтар қашанда ел үшін алдыңғы сапта тұруға даяр. Арамыздағы жастау азаматтар қазіргі кезде көшелерді деезинфекциялау, көрінбейтін жаумен соғысқа қатысты басқа да жұмысқа көмектесуге әзір, — дейді Б.Сатов.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық «Чернобыльқұрбандары» қоғамдықұйымы 2007 жылы құрылған болатын. 2011 жылы Ақтөбе қаласында «Алақай» қуыршақ театрына қарама-қарсы саябақта Чернобыль құрбандарына арналған шағын ескерткіш ашылды.

— Біз осы жерде жыл сайын жиналамыз, жыл сайын сәуір айында арамыздан ерте кеткен азаматтарға арнап ас береміз. Биыл қауіпті індеттің таралуына байланысты бере алмадық. Алайда, біздің еліміз бұл індетті де толық жеңетініне біз сенеміз, — дейді Бақытжан Сатов.

 

Мейрамгүл  РАХАТҚЫЗЫ. чернобыль2

чернобыль1

Переключение языка