Главная

КАРАНТИН ҺӘМ ОҚШАУЛАНУ: ПСИХОЛОГ КЕҢЕСТЕРІ

Карантин һәм оқшаулану: психолог кеңестері

Әлемді жайлаған коронавирус дертінің жолын кесу мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланып, кейбір өңірлерде карантин енгізілді. Ересектердің көбі жұмысын үйде отырып онлайн істеуге көшсе, балалар мен студенттер мектепке, оқу орнына бармай, қашықтан оқуға кірісті. Үйден шықпау, оқшаулану кейбір адамдарға психологиялық тұрғыда ауыр тиіп жатқанын айтады психологтар. Тек біздің елде ғана емес, коронавирустың кесірінен карантин енгізілген әлем елдерінде де бұл жағдай байқалып отыр.

Ақтөбеде карантин енгізілген уақытта тұрғындарға психологиялық көмек беретін «Қызу желі» байланысы ашылған-ды. (Телефон номері — 418-700). Оны Ақтөбе облысы ҮЕҰ Қауымдастығы облыстық ішкі саясат басқармасының, білім басқармасының қолдауымен іске асырып отыр. Бұл желі арқылы тұрғындар күн сайын таңнен кешке дейін отбасында, жақындарымен арадағы қарым-қатынаста, оқу немесе жұмыстағы  қиындықтарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында және басқа да мәселелер бойынша тәжірибелі  психологтармен тлефон арқылы байланысып, ақыл-кеңес ала алады. WhatsApp арқылы психологиялық көмек алу үшін тәулік бойы +7 747 102 70 03, +7 777 928 73 33, +7 705 234 33 03, +7 707 550 08 03 номерлері арқылы хабарлама жазсаңыз да болады.

Карантин кезінде жақындарыңызбен, балаларыңызбен қарым-қатынас шиеленіспеу үшін не істеу керек? Осы және басқа да сұрақтарды «Қызу желі» байланысы арқылы тұрғындарға көмек беріп отырған тәжірибелі психолог Гүлдана Саринаға қойған едік.

- Соңғы айда біздің үйреншікті өміріміз қатты өзгерді: мектептерде қашықтан оқыту формасы енгізілді, ата-аналар үйде отырып қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр, жастар достарымен бетпе-бет кездесе алмайтын болды. Мұндай жағдайда өзгерістер туралы емес, мүмкіндіктер туралы көбірек ойлау маңызды.  

Бізге «Қызу желі» байланысы арқылы күніге кемінде 15-20 адам хабарласады. Көбіне үй карантинінде отырғандар хабарласады. Жұмыссыз қалып, соның салдарынан қаржы тапшылығына тап болған, отбасында кикілжің көбейген ерлі-зайыптылар да хабарласады. Ата-аналардың баланың сабағын оқытуды бір-біріне сілтеуі, жасөспірімдерді үйде ұстап отырудың қиындығы туралы айтып хабарласатындары да бар. Оларға айтатын кеңестерді оқырманға да айта кетейік:

Карантин кезінде балаңызбен бірге кез-келген қандай да бір нақты мазмұнды іс-әрекетпен айналысыңыз. Мәселен, дәмді тағам әзірлеуге болады, қолдан ойыншық жасап, сурет салуға, спортпен айналысуға да болады. Бала ата-анасының қасында болған кезде, ата-анасымен бірге бір нәрсе жасаса, баланың бойында қобалжу азайып, сенімділік пайда болады. Сондықтан былайғы кездері жұмысбасты болып, балаға уақыт таппай жүрген болсаңыз, карантин кезін балаңызбен бірге уақыт өткізуге берілген мүмкіндік деп қабылдаңыз.   

Ең бастысы, күн сайынғы қалыпты тәртіпті сақтау керек, яғни, белгілі бір уақытта тамақ ішіп, белгілі бір уақытта ұйықтау қажет. Күн мен түнді алмастырып алмаңыз, себебі кейін, карантин біткен кезде баланың бұрынғы тәртіпке үйренуі қиынға соғады.  Балаңыз балабақшаға, мектепке барып жүрген кездегідей сабақтар ұйымдастырып, үзілістер уақытын қадағалаңыз.

Егер бала вирустың не екенін білгісі келсе, оған вирус туралы түсініксіз сөздер айтудың орнына: «Егер барлық ережелерді сақтаса, яғни, сырттан келгеннен кейін, дәретханадан кейін, тамақтанар алдында беті-қолды сабындап жуу, бөлмені желдету көшеде бетперде, қолғап кию,  күн тәртібін орындау —  уақытында ұйықтау,  дәрумендер ішу,  қалыпты тамақтану сынды тәртіптерді орындаса, ешкім ауырмайтын болады, бәрінің денсаулығы мықты болады», — деп қарапайым түсіндіруге болады. Кішкентай балаларды қолды үнемі жууға мәжбүрлеудің қажеті жоқ, тек қажет жағдайда ғана жуғызып үйрету керек, себебі бала мазасызданып, қол жууды қиын тапсырма ретінде қабылдауы мүмкін. 

Ересектеу балалар коронавирус туралы ақпараттарды оқып, ауырып қалудан қатты қорқатын болса, оған: «Микробтар әр уақытта да болады. Бірақ егер біз қалыпты өмір салтын ұстанатын болсақ, яғни, бөлмені желдетіп, жаттығулар жасап, дәрумендер ішіп, тазалықты сақтап жүрсек, ауырмаймыз. Әрине, кей жағдайда адамдар ауырады, бірақ әр аурудың емі бар. Есіңде ме, сенің тымауратып ауырғаның, мен де тұмаураттым, бірақ біз жазылып кеттік қой. Дегенмен, тазалықты сақтау маңызды», — деп түсіндіру керек.

- Қазіргі кезде ата-аналарға мектептің төменгі сынып оқушыларымен бірге жасөспірімдерді де үйде ұстап отыру оңай болмай отыр...

- Рас, жасөспірімдер карантин кезінде де үйге қамалып отырғысы келмейді, олар азырақ далаға шығып, құрбыларымен кездесіп келудің еш зияны жоқ деп ойлайды. Оларға мұндай жоспарланбаған демалыстар өте ауыр тиію ықтимал. Мұндай жағдайда жасөспірім балаларға бұл «жоспарланбаған демалыстың» пайдалы жағын көбірек айту керек. Одан пандемиялық жағдай туралы, қауіпті вирус пен оның салдары туралы білгенін, оқығанын, естігенін сұрап, бұл тақырыпты бірге талқылаңыздар. Алайда, баланы қорқытып, өз қорқынышыңызды таңуға болмайды. Жасөспрімге да қорықпау қажеттігін, вирустардың өзінің тіршілік ету ортасы бар екендігін, жыл сайын дерлік тұмау эпидемиясы болатындығын, егер тазалықты, гигиеналық талаптарды —  карантин кезінде оқшаулану, көпшілік жерге көп бармау, қол жуу, жуыну, қолға арналған дезинфекциялық заттарды қолдану, көшеде бетперде, қолғап киіп жүру, телефонды және басқа гаджеттерді антисептиктермен, дымқыл майлықтармен сүрту секілді ережелерді сақтап жүрсе, ешқандай вирус жоламайтындығын айту маңызды.

Балаңызға қысым жасап, оның әр қадамын бақылау, күніне бірнеше мәрте қол жуу туралы ескерту жасап, ығыр қылмау керек. Ол жасөспірімнің наразылық реакциясын тудырады, тіпті сізді тыңдағысы келмейтін болады, кейде вирустан қатты қорқатындығы соншалықты, ұдайы тек қана сол туралы ойлап, мазасызданады.

Жасөспірім балаларға маска кию, гигиеналық талаптарды сақтауды оның сүйікті әншілері, блогерлері, басқа да танымал адамдарды мысалға ала отырып түсіндіруге болады. Кей жағдайда балаға өз туыстарынан гөрі сырттағы адамдардың айтқан сөзджері өтімді келеді...

Кішкентай балапандар секілді жасөспірімдер де карантин кезінде мектепке барып жүрген кездегідей күн тәртібін сақтауы маңызды. Күндіз-түні үйде болғандықтан, жасөспірімдер түн ортасы ауғанша, кейде тіпті таң атқанша ұялы телефонға телміріп, интернет қарайтыны өтірік емес, сондықтан, баланың күн тәртібін қадағалауды, оған өзіңіз үлгі болуды ұмытпау керек.

- Осы бағытта ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

- Жасөспірім балаңызбен карантин кезінде не істейтініңізді нақтылау үшін тізім жасап қоюға болады. Мәселен, бұл тізімге емтиханға дайындық, репетитормен скайп арқылы сабаққа дайындалу, үйде орындауға болатын дене шынықтыру жаттығулары, үй шаруалары — үйге тазалық жүргізу, бірге тәтті тағамдар әзірлеу сынды жұмыстарды да жазып қоюға болады. Сондай-ақ, балаңыз үшін оның достарымен гаджеттер арқылы қарым-қатынас жасау, бірге фильмдер көру, компьютерлік ойындар ойнау, музыка тыңдау секілді уақыт өткізу түрлерін де жеке тізім ретінде жасауға болады. Егер балаңыз жаңа бір нәрсе үйренгісі келсе, мәселен, домбыра, гитара тарту, шахмат, тоғызқұмалақ үйрену, бейнероликтер монтаждау секілді істерді үйренгісі келсе, ол үшін де арнайы уақыт бөлуді қарастыру керек. Бұл мақсатта интернеттен арнайы сабақтар тауып алу мүмкіндігі бар. 

Егер үйде бірнеше адам болса, әр адамның үйдің басқа мүшелерімен бірге ортақ істейтін істерінен бөлек жеке-дара айналысатын істері де болуы маңызды. Өзіңді оңашада қалай ұстау қажеттігіне тәрбиелеу көптің ортасында қалай ұстау қажеттігіне тәрбиелеу секілді өте маңызды жайт.

Баламен тек дастарқан үстінде ғана емес, арнайы уақыт бөле отырып жай ғана әңгімелесуді де ұмытпау керек. Балаңыз екеуіңіз болашақ туралы, оның армандары, қазіргі айналысып жүрген істері, достары, ортасы, мектебі, хоббиі туралы әңгімелесу үшін таптырмайтын уақыт. Егер әр отбасы мүшелері бір-біріне қамқор, сабырлы болса, мұндай күрделі кезді еш қиындықсыз өткізуге болады. 

- Қазіргі кезде ата-аналарға балалардың қашықтан оқуы да үлкен қиындық тудырып отырғаны белгілі. Мұндай жағдайда нендей кеңес бересіз?

- Осы мәселемен хаюарласып жатқандар баршылық. Себебі ата-ана да, бала бұрын-соңды қашықтан оқыту тәжірибесімен бетпе-бет келіп көрген жоқ. Сондықтан, ата-аналарға айтарымыз: сіз мұғалім емессіз, сіз ата-анасыз, әр мұғалімнің сабақ беру, баладан талап ету, бағалау әдістері бар және оны оқушы жақсы біледі. Сондықтан, баланы шектен тыс қыспаққа алуға болмайды. Мұндай жағдайда кейбір жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі нашарлауы мүмкін, сондықтан,  ата-аналар: «Сен мына түріңмен мектепте қалай жақсы баға алып жүрсің?», «Түк білмейсің!», «Өзіңде ананың баласын, мынаның баласың қарашы», — деп намысына тиюдің қажеті жоқ. Бұл балаға екі есе ауыр тиеді. Қашықтан оқуды ата-аналар жеңіл қабылдауды және балаға да соны жеңіл қабылдатуды үйренуі керек. Ол үшін бұл тақырып төңірегінде «бұл қиын болды», «миымыз ашып кетті», «баланы оқыта алмай, басым қатып кетті», «бүгін баланы сен оқып, ертең мен оқытамын» деген секілді баланың көзінше жиі айта бермей, керісінше, қашықтан оқудың артықшылықтары туралы айтуға мән беру керек. Мұндай жағымсыз сөздерді күнде естіген балаға бұл ауыр тиеді, сабағы нашарлайды, өзін ата-ана алдында кінәлі сезінетін болады. 

Ең алдымен өзіңіз үшін де, балаңыз үшін де күнделікті күн тәртібін сақтауыңыз маңызды, ол дегеніміз уақытында ұйықтау, уақытында тұру, тамақ ішу және сабақ оқу, үзіліс уақыттарын сақтау. Күн тәртібін күрт өзгерту баланың жағдайға бейімделу мүмкіндігіне сәйкес келмеуі мүмкін, бұл баланы шамадан тыс күйзеліске ұшыратуы ықтимал.

Баланың ата-анасы мен туыстарының эмоционалды жағдайы балаға әсер ететіндіктен, ең алдымен ересектер сабырлы болуы тиіс. Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей,  балалар ересектерге қарағанда оқшаулану режиміне баяу бейімделеді. Бұл әрбір балаға тән қалыпты жағдай. Сондықтан, оған бола абыржудың қажеті жоқ, керісінше баланың вирус, пандемия, эпимедия туралы сұрақтарына байыппен жауап беруге тырысыңыз.  Алайда, мұндай тақырыптарға әңгімелескен кезде интернетте жазылған қорқынышты деректерді айтып, баланы үрейлендіріп алмаңыз.

Баланы қашықтан оқыту кезінде осы істі ұйымдастырып отырған өз мектебіңіздің басшылығы мен сынып жетекшісі таратқан ресми ақпаратқа ғана сүйеніңіз. Баламен бірге сабақтан тыс уақытта Bilimland.kz, daryn.online.kz, kundelik.kz, School.ozin-ozi-tanu.kz секілді білім беру платформаларын бұрынғыдан да жақсырақ үйренуге тырысыңыз, бұл білім алу процесін одан әрі жеңілдете түседі, әрі тиімді бола түседі.

Үйден шықпауға мәжбүр болып отырған қазіргі уақытта өзіңіз де, балаңызға да тыстарыңызбен телефон, смартфон арқылы ұдайы байланыста болу керек, балаңыз әлеуметтік желілер арқылы достарымен сөйлесіп, пікірлесіп тұруы да маңызды. Бұл баланың оқшаулану режиміне тезірек үйренуіне көмектеседі, дегенмен, баланың ұзақ уақыт бойы телефон қарап жатуына да жол бермеуге тырысыңыз. Туыстарыңызбен сөйлескен кезде коронавирусқа, ауру-сырқауға, осы ауруға шалдыққан, қайтыс болған адамдар туралы тақырыпты қозғамауға тырысу керек. Балаға да осындай ақпараттар жиі жарияланатын желілерге ұдайы кіре бермеу қажеттігін айтып қойыңыз.

Баланың жеке кеңістігі барын да кейде ата-аналар ұмытып кетеді. Ұдайы баланың көңілін аулауым қажет деген ойдан арылыңыз, кей кезде балаға өзімен өзі оңаша болу, өз істерімен жеке өзі айныласуы да маңызды. Ең бастысы, үйде отыруды «жаза» деп емес, жаңа білім алуға, жаңа нәрсе үйренуге, бұрын қолыңыз тимей жүрген жақсы істермен айналысуға берілген мүмкіндік деп түсініңіз және балаға да соны түсіндіріңіз.

- Психологтар аурудан гөрі осы ауруды жұқтырып аламын деген үрейдің адамның психикалық жай-күйіне жағымсыз әсер ететінін айтады. Үрейден арылу үшін не істеу керек?

- Америкалық психолог, профессор Роберт Лихидің қорқыныш тақырыбына жазған бірнеше шығармасы бар. Соның үрейден азат болу, ешқандай жағдайда үрейге бой алдырмауға қатысты кеңестеріне де құлақ түрген жөн.

Қауіпті вирус туралы, оның зардаптары туралы ойлап, көңіл-күйіңізді түсіріп, үрейге бой алдырмау үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:

Сарапшы мамандардың дерегіне сүйенсек, 0-19 жас аралығындағы адамдардың коронавируспен ауыру ықтималдығы өте аз. Коронавирусқа шалдыққан жағдайда балалар мен жасөспірімдердің барлығы дерлік оны өте жеңіл түрде өткереді. Оған қарамастан, жұқтыру ықтималдығын одан әрі төмендету үшін гигиеналық тазалықты сақтауды ұмытпаңыздар: көшеден келгеннен кейін, тамақтанар алдында қол жуу, кем дегенде 7,5 сағат ұйықтау, құнарлы тамақтану,  физикалық жаттығулар жасау. Мұның бәрі иммундық жүйені сақтауға және нығайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, балаңыздың тырнақтарын тістеу әдетінен арылтуға мән беріңіз, себебі вирус адам ағзасына көбінесе қол арқылы түседі.

Карантин кезінде өздігінен оқшаулану режимін сақтау өте маңызды. Ия, сіз үйде отыруыңыз керек, мектепке бармауыңыз керек, достарыңызбен кездеспеуіңіз керек... Рас, іш пыстырарлық нәрсе... Бірақ қазір біз қауіпті аурумен күресіп жатқанымызды, әрқайсысымыз өзіміз үшін және басқа адамдар үшін жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Мысалы, Қытайда өздігінен оқшаулану мәселесіне тұрғындар өте жауапты қарағандықтан, науқастардың көбі сауығып кетті, қазір оларда ауру аса көп тіркеліп жатқан жоқ. Сондықтан, біз де шыдамдылық танытуымыз керек.

Егер күні бойы жаңалықтар  қосып қойып, қауіпті вирус туралы ақпараттарды үзбей қарайтын болсаңыз, алаңдаушылығыңыз бен қорқынышыңызды күшейе түседі. Сондықтан, тактиканы өзгерткен дұрыс, яғни, өзіңіз сенім артатын 1-2 ақпараттық ресурсты ғана таңдап, күніге екі мезгіл — таңертең 10 минут, кешке 10 минут уақыт бөлсеңіз жеткілікті.

Кез-келген жағдайда, тіпті өте қиын кезде де адам юморды ұмытпауы керек. Ғаламторда оқшаулану кезінде түсірілген қызықты видеолар мен әндерді  жүктеп жатқандар бар. Соларды қарап отырып оқшаулану кезіндегі өзіңізге де юмормен қарап көрерсіз, бәлкім?

- Сіздердің қолға алған «Қызу желі» жобасы қаншалықты тиімді?

- Оның тиімділігін күн сайын хабарласып жатқан адамдар санымен-ақ түсіндіруге болады. Адамдарға психологиялық көмек керек екені айқын. Осындай жағдайда біз бір-бірімізге сөзбен болса да қолдау көрсетіміз қажет. Бұл өте маңызды. Дәл қазіргі сәтте отбасының — ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың беріктігі маңызды. Ата-аналар бала тәрбиесінде дәстүрлі тәрбиеге ғана сүйенбей, қазіргі психологтардың ақыл-кеңесіне де құлақ түрген жөн. Себебі қазірогі балалардың дамуы да, ойлау қабілеті де мүлде басқаша. Қазіргі карантин езіндегі оқшаулану ересектерге ауыр тиіп отырған болса,  балаларға екі есе қиын болып отыр. Сондықтан, дәл осы кезде өзіңіздің де, балаларыңыздың да, отбасыңыздың да амандығы, берекесі өздеріңіздің қолдарыңызда екенін естен шығармау керек.  

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.психолог сухбат

Переключение языка