Главная

Азаматтық орталық өз жұмысын жалғастырады

«Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «Азаматтық бастамалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты бойынша биыл да өз жұмысын жалғастырады.

Аталған қауымдастық президенті Айгүл Дүйсенованың айтуынша, бұл жобаның мақсаты — облыстағы үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсете отырып, аймақтағы азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру.

— Жоба бойынша алдымызға бірнеше міндет қойып отырмыз: ең алдымен үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсету үшін арнайы азаматтық орталық жұмыс істейтін болады. Үкіметтік емес ұйым құру, оның жұмысын жүргізу бағытында кеңес беру, әдістемелік көмектер, білім беру, басқа да қызметтер көрсетеміз. Оның ішінде мәліметтер базасын жинақтау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттар мен сыйақылар, қоғамдық кеңестер, «Атамекен» палатысының бағдарламаларымен жұмыс істеу секілді үкіметтік емес ұйымдарға мол мүмкіндік беретін жобалар туралы мағлұматтар береміз, оқу курстарын жүргіземіз. Бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмысын жүргізуге, әлеуетін арттыруға қажетті кәсіби кеңес, көмек алуы үшін тұрақты азаматтық орталықтың жұмысын ұйымдастырамыз,  — дейді А.Дүйсенова.

Азаматтық орталықтардың тиімділігін анықтау үшін мәлеміттер базасы жасалатын болады. Ол дегеніміз аймақта ҮЕҰ үшін тартылатын қаржы көлемін, бизнестің ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру көлемін, белсенді жұмыс істеп жатқан және мүлде жұмыс істемей тұрған ұйымдардың санын анықтау, өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік бастамалар, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту сынды мәселелер де осы жоба аясында жүзеге асырылатын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Переключение языка