Главная

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ «БІР ТЕРЕЗЕ» ҚАҒИДАТЫ

Биыл жазда Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығында жаңа жобаның тұсауы кесілген болатын.

Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында қолға алынған жоба азаматтық орталықты ұйымдастыру мен дамытуды көздейді. Аталған жоба аясында Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау Азаматтық орталығында апта сайын тұрақты түрде түрлі тақырыптар бойынша қабылдаулар, кездесулер өткізіліп отырады.

Жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

— Бұл жоба аясында үкіметтік емес ұйымдарының  өкілдері түрлі тренингтерге қатысып,  консалтингтік қолдау ала алады. Сонымен қатар осы жоба аясында үкіметтік емес ұйымдардың 70 өкілі үшін жазғы мектеп ұйымдастырылып, оның шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін дамыту бойынша өзекті тақырыптарға арналған семинар ұйымдастырдық. Жобаға үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің барлығы еш шектеусіз қатыса алады. Азаматтық Орталық өңірдің үкіметтік емес ұйымдары үшін өте қажет, грант аясында үкіметтік емес ұйымдары өкілдері тренингтерден өтіп, әр түрлі консалтингтік қолдау алады. Жоба барысында біз тренерлерге арналған тренингтерді өткіздік, оқытудан өткен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алдағы уақытта аудандардағы басқа ұйымдардың өкілдерін жаңа дағдылар мен білімдерге үйретуіне болады. Жобаға қатысушылар кейбір мәселелер бойынша сарапшы бола алады және ҮЕҰ саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс істей алады, — деген еді жоба басталар алдында Айгүл Дүйсенова.

2019 жылдың маусым айынан бастап қолға алынған «Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидасы бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасы биыл желтоқсан айына дейін жалғасады. Осы аралықта азаматтық орталықтың жұмысына қатысатын субъектілер үшін стратегиялық жоспарлау бойынша семинар-кеңестер, Ақтөбе облысының ҮЕҰ үшін азаматтық Орталықтың қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдаулар жүргізіліп, қоғамдағы өткір мәселелер төңірегінде сұхбаттар ұйымдастырылды. Мәселен, Ақтөбе облысы ҮЕҰ Қауымдастығының президенті, Ақтөбе қалалық әйелдерді қолдау орталығының құрылтайшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Айгүл Дюсенова «Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидасы бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасы аясында азаматтарды қабылдады. Кездесуде коммерциялық емес ұйымдарды дамыту, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

«РАСтемки» «Ақтөбе облысындағы аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Салтанат Кенжебекова аутизммен ауыратын балаларға қатысты түрлі мәселелер бойынша кәсіби кеңес берді. Жоғарыда аталған жоба аясында өткізілген азаматтық қабылдауға келгендер осындай балалардың құқын және заңды мүдделерін қорғауға, осы мақсатта білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау құрылымдарын арттыруға бағытталған шығармашылық бастамаларды қолдауға қатысты ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, осындай балалардың қоғамдағы басқа азаматтармен тек құқықты бола отырып, қоғам ұсынатын барлық игілікті тең пайдаланатындай жағдайға жеткізу мәселелері де талқыланды.  

Сондай-ақ, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі агенттік» қоғамдық қорының құрылтайшысы, тәжірибелі бизнес-кеңесші Абай Мырхин, 2005-2019 жылдары «Парасат-Ғылым» ҚБ төрағасы, «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы ұйымын бірінші болып құрғандардың бірі, 2017 жылға дейін «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы болған экономика магистры Көшкінбай Ахметов, «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық қорының басшысы, Ауған соғысы ардагерлері қозғалысының алғашқы мүшелерінің бірі Гумер Галеевтер де азаматтық қабылдаулар өткізді. «Қазақстандық көзі тірі соғыс ардагерлеріне әлеуметтік және медициналық қолдау көрсету, құрбан болған боздақтардың есімін ұлықтау үшін әлі талай жұмыстар істелуі керек, азаматтық қабылдауда осы және басқа да мәселелер қаралды», — дейді Г.Галеев.

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өткізетін шараларға белсене қатысатын Ақтөбе облыстық әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы Айнұр Көшкінбаева, «Ақтөбе облысының аула клубтары» ҚБ жетекшісі Ерәділ Үббиниязов, «Қуаныш — дыбыста» қоғамдық бірлестігінің басшысы   Мәрзия Мухамбетьярова, «Ер бақыт» спорттық-патриоттық клубының басшысы Марат Қойлыбаев, Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер процесі Орталығының басшысы Әлия Куртаева, «SHANIRAG Aqtobe» бірелстігінің басшысы Еділ Аймағамбетов, "Ақтөбе Дамуы» қоғамдық қорының директоры Жанна Қадырова,

«Мейрамхана және қонақ үй бизнесі Қауымдастығы» ҚБ төрағасы Бану Тлегенова, «Қадам плюс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәмилә Барбосынова, «Береке Даму» қоғамдық қорының басшысы Алма Қанатбаева, "Аңсар" қоғамдық бірлестігінің басшысы Әлібек Төлеубай, «Медет-АТК» ҚБ басшысы Александр Мандрыкин, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиал басшысы Базарбай Иманов, Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер процесі Орталығының кәсіби медиаторы Ләйлә Құрманбекова, «Ақтөбе облысының Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов,

«Элит Агро» қоғамдық қорының төрағасы Марина Цыганковалар да азаматтық қабылдаулар жүргізді.

— Мұндай қабылдаулар үкіметтік емес ұйымдарының ғана емес, қарапайым қала тұрғындарының көкейінде жүрген түрлі мәселелерге қатысты кеңес алуына, кәсіби жауап естуіне мүмкіндік береді. Біздің қабылдауларға келушілер өте көп болды, жыл аяғына дейін тағы да бірнеше азаматтық қабылдаулар жүргізіледі. Осы жоба аясында сонымен қатар жоба аясында үкіметтік емес ұйымдар базасына деректер жинау ұйымдастырылып, қазақ және орыс тілдерінде шағын жинақтар шығару жоспарымызда бар, — дейді Айгүл Дюсенова.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Free Joomla Lightbox Gallery

Переключение языка