БІЗ БІРГЕМІЗ!

Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус дерті біздің елді де айналып өтпеді. 2020 жылдың 11 наурызында Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы короновирус пандемиясын мойындады. Ал елімізде ҚР президенті 16 наурызда  індеттің алдын алу мақсатында елде төтенше жағдай жариялағаны белгілі.

Еліміздегі Қызыл Ай қоғамы осы төтенше жағдайда әлеуметтік осал топтарды қорғау мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.

—  Төтенше жағдай кезінде тұтас қоғам қиын кезеңді бастан кешіп отыр, ал әлеуметтік осал топтардың жағдайы тіпті күрделеніп кетуі мүмкін, осыған байланысты қоғамның осы топтарына жасалатын көмек те күшеюі тиіс. Сол себептен Қызыл Ай қоғамының Ақтөбе филиалы жалпы қоғамдық акцияға белсене қатысуда, және көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға гуманитарлық көмек көрсету үшін қоғам ресурстарын барынша жұмылдыруда.  Гуманитарлық көмекті ұйымдастырудан бөлек, Қызыл Ай еріктілері аурудың алдын алу шараларын, ақпараттандыру жұмыстарын да бастап кетті.

Біз өз гуманитарлық қызметімізді еріктілердің көмегімен, мейірімді жандардың қолдауымен іске асыра аламыз, осы орайда ірі, орта бизнес өкілдерінің қолдауына жүгінеміз. Бәрімізге белгілі, короновирус індетіне байланысты санитарлық құралдар, бетперде, медициналық қолғап тапшы болып отыр.  Бұл жеке қорғаныс құралдарына әсіресе қоғамның осал топтарының қолы жете бермейді,  сол себептен олар жан-жақты көмекті қажет етеді, яғни санитарлық құралдар, азық-түлікпен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді Қызыл Ай қоғамы облыстық  филиалының директоры Нұрлан Үдербай.

Қоғамның облыстық филиалы Қазақстанда төтенше жағдай жарияланысымен бірден гуманитарлық көмек көрсетуге кірісті, соның ішінде еріктілер қызметін жұмылдырды: еріктілер сауда орындарында, көшелерде індеттің алдын алу бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді, жалғыз басты қарттарға көмек көмек көрсетілді: Сондай-ақ Қызыл Ай қоғамы әріптес мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірігіп жұмыс жасауда. Филиал короновирустың алдын-алу парақшаларын ғаламтор арқылы тарату жұмысын да қолға алды.

— Бүгін аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратудамыз. Алдағы уақытта ҚР Қызыл Ай қоғамы ЮСАИД халықаралық ұйымымен және басқа да халықаралық гуманитарлық ұйымдарымен бірігіп, ауқымды гуманитарлық көмек ұйымдастыруды көздеп отыр. Мұндай көмек облысы  аудандары мен алыс ауылдарына да көрсетілетін болады, осы гуманитарлық көмек аясында Қызыл Ай қоғамы халыққа қажет жеке қорғаныс құралдарын, яғни, медициналық маска, медициналық қолғап, санитарлық құралдар таратады, — деді Н.Үдербай.

Еске салайық,  Қазақстан Қызыл Ай Қоғамы – Халықаралық Қызыл крест және Қызыл ай қозғалысының бөлігі, ол еліміздегі ірі гуманитарлық ұйым және Қызыл Ай қоғамы төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге рұқсат берілген қоғамдың ұйымдардың бірі. 

Free Joomla Lightbox Gallery

Переключение языка